Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби және Тұран аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізді. Қала тұрғындары бірқатар өзекті әрі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді.


Тұрғындар ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, бейнебақылау камераларын орнату, баспана беруде кезектілік тәртібін сақтау, сондай-ақ көпқабатты үйлерді жылумен қамтамасыз ету және жаңғырту мәселелерін жеткізді. Сонымен қатар жер қатынастары, қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, автотұрақтарды ұйымдастыру, маңдайшаларды қаланың бірыңғай дизайн-кодына сәйкес рәсімдеу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселелері көтерілді. Кездесу барысында тұрғын алаптарындағы жаңа үйлерге газ жеткізу, мәдениет үйлерін салу, дренаж және суағар жүйелерін тарту жайы да талқыланды. Сындарлы диалог барысында мегаполис басшысы жауапты тұлғалармен бірге тұрғындардың сауалдарына жан-жақты түсіндірме берді. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына келіп түскен өтініштердің орындалуын бақылау тапсырылды.