Шымкент қаласының палуандары мен боксшылары халықаралық турнирлерде жүлдеге ие болды. Албанияда өтіп жатқан «Muhamet Malo» рейтинг турнирінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы екі жүлде жеңіп алды.


 67 келі салмақтағы шымкенттік Мейіржан Шермағанбет финалда грузиялық Диего Чхиквадзені жеңіп, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Ал 63 келі салмақта сынға түскен Ернұр Фидахметов қола жүлдеге қол жеткізді. Аталған турнирге 29 елден 177 спортшы қатысуда. Боксшылар да табысты өнер көрсетті. Болгария астанасы София қаласында өткен «Странджа» халықаралық турнирінде отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. 54 келі салмақта өнер көрсеткен Элина Базарова финалда Ұлыбритания өкілі Лорен Маккиді 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Ал 65 келі салмақтағы Лаура Есенкелді күміс медаль иеленді.