Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай атшабар салынды. Қазіргі таңда маңызды нысанның ашылу салтанатына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атшабарға кезекті рет барып, құрылыс барысын қадағалады. Нысанның құрылысы мен сәулетіне қатысты ескертулерін айтып, дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.


Ипподром құрылысын «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС жүргізген. Электр, су, жылу және кәріз жүйелері тартылған. 1500 жанкүйер сыятын трибуна, 4 жабық және 2 жаздық қора, сондай-ақ манеждің құрылысы толық аяқталған. Атшабар аумағында жылқыларды күтіп-ұстауға арналған орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы және көкпар алаңы қарастырылған. Көкпар алаңында тікелей көрсетілімге арналған LED экран орнатылған. Жалпы, ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалған. Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында атшабардың ашылу салтанаты өтіп, Ұлыстың ұлы күніне арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Спорттың онға жуық түрінен халықаралық жарыстар өтеді. Атап айтқанда, көкпардан әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, асық атудан Әлем кубогы және қазақ күресінен «Түйе балуандар» турнирі жоспарланған. Сонымен қатар аламан бәйге мен «Толағай» алыптар сайысы ұйымдастырылып, мың адам бір мезетте асық ойнап, рекорд жасамақ. Облыс әкімі атшабарды аралағаннан кейін Түркістандағы өзге де құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы орындау міндеті жүктелді. Өңірдегі құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда.