Биыл аса қауіпті бес түрлі ауруға қарсы 16 млн-нан астам доза вакцина егу жоспарланып отыр. Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен апталық мәжілісте өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар сараланды. Жиында салаға жауапты басшы 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар мен өзекті мәселелер туралы баяндады.
Облыста биыл аса қауіпті бес түрлі ауруға қарсы 16,6 млн доза вакцина егу жоспарланған. 9 млн доза вакцина аудан-қалалардың уақытша сақтау қоймаларына жеткізілген. Оның ішінде құтыру, аусыл, сібір жарасы, туберкулез және эхинококкоз ауруларына қарсы препараттар бар.
ЕРБҰЛАН ЖӘНІБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бес түрлі ауруға қарсы 16,6 млн доза вакцина егу жоспарланды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлеу мақсатында қаржы бөлініп, ірі қара, ұсақ мал және түйеге арналған құлақ жапсырмаларын сатып алу жоспарланған. Қоймада қажетті қор қалыптастырылған.
Сондай-ақ, осы жылы 3,2 млн бас ірі қараны бүрку, 9,9 млн бас ұсақ малды тоғыту, мал қоралары мен суат аумақтарын кең көлемде залалсыздандыру жұмыстары атқарылады.Нұралхан Көшеров салаға жауапты басшыларға жоспарланған жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Облыс көлемінде энзоотияға қарсы ветеринарлық шараларды сапалы әрі мерзімде жүргізуді тапсырамын. Үй жануарлары арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдануы тиіс. Заңсыз мал тасымалды болдырмау мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіледі.
Сонымен қатар, 2026 жылы жалпы трансферт есебінен 5 ветеринарлық станция, 108 ветеринарлық бекет және 21 мал өлексесін тастайтын орын салу жоспарланған. Қазіргі таңда нысандардың басым бөлігі бойынша жер телімдері табысталған.