Түркістан қаласында «Сыртқы және ішкі жарнамаға қойылатын талаптар» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға базар әкімшілігі мен жеке кәсіпкерлер қатысып, оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2025–2026 жылдары қала әкімінің өкіміне сәйкес құрылған насихат тобы шаһар аумағында мониторинг жұмыстарын жүргізіп, 744-тен астам нысанды зерделеген. Нәтижесінде нысандардың 25 пайызы мемлекеттік тіл нормасын сақтамағаны анықталды. Бірқатар кәсіпкерлік нысандарда жарнама мәтіндері тек орыс немесе ағылшын тілдерінде жазылған.
ЖАНЕРКЕ ТАКИБАЕВА, «ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ
– «Тілдік талап ҚР тіл заңнамасына сәйкес: деректемелер, маңдайша атаулары, баннерлер кез келген ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде қатар жарияланады деп көрсетілген. Осы бойынша біз түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Талапқа сай болмаған жағдайда тілдерді дамыту орталығы мен сәулет бөлімінің мамандары бірлесе отырып, алдымен жеке кәсіпкерлерге ескерту жүргізеді. Қандай да бір заң бұзушылықты түземеген жағдайда оларға айыппұл салынады.»
Жиын барысында қала дизайн-коды мен сәулеттік стандарттар туралы жан-жақты түсіндірме берілді. Әсіресе тарихи-мәдени аймақтарда жарнама элементтерін орналастыруға қойылатын талаптар, маңдайшалардың өлшемі, түс үйлесімділігі және қасбетпен сәйкестігі мәселелері қозғалды.
ДАНИЯР ЗҰЛХАРНАЙ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІ» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ БАС МАМАНЫ
– «Біздің Түркістан қаласының дизайн кодына сәйкес 2025 жылы наурыз айында бекітілді. Ол жерде көрсетілді: жарнаманың биіктігі 60 см, ұзындығы 12 метрден аспауы керек. Ол жердегі Түркістан қаласының дизайн кодына сәйкес ескі көне қала ретінде сақтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.»
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, көрнекі ақпарат мәтіндері міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Қажет болған жағдайда өзге тілдердегі мәтіндер мемлекеттік тілдегі нұсқадан кейін және көлемі жағынан кем болмай орналастырылады.