Бүкілхалықтық референдумға ұсынылып отырған Ата заң жобасын терең тану – халқымыздың қасиетті борышы. Талқылау барысында мыңдаған ұсыныс пен пікірдің комиссия қарауына түсуі қазақстандықтардың мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Конституция – халқымызды біріктіретін негізгі құқықтық құжат. Қалада жаңа Ата заңды талқылау және түсіндіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.


Ғалымдар бас қосқан жиында Конституцияның негізгі ережелері жан-жақты түсіндірілді. Құқықтық құжаттың басты бағыттары мен енгізілетін өзгерістеріне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын күшейту, цифрлық қауіпсіздікті мемлекеттік деңгейде нақты бекіту, сондай-ақ билік жүйесіндегі институционалдық өзгерістердің мәні сараланды.


БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Бүгінде ескі жүйеге деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Көпшілік арасында әртүрлі пікір айтушылар бар. Оған байыппен қарап, ақыл таразысынан өткізсек, кертартпа көзқарасты аңғаруға болады. Осындай кезеңде мемлекеттік мәртебелі мінберден Конституциялық комиссия ақылға қонымды пікірлерді айтып, түсіндіруі қажет-ақ еді. Осы міндетті атқарған комиссияның жұмысын жоғары бағалаймыз.


Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы шақырылды. Ол өз сөзінде Конституциядағы білім беру саласының орны, отбасы мен некеге қатысты нормалар, преамбулада көрініс тапқан «Ұлы дала» ұғымының мазмұнына терең түсіндірме берді. Бұл құндылықтардың қоғам тұтастығын нығайтып, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызы нақты мысалдармен тарқатылды.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы бұл өзгерістерді Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында алғаш көтерген болатын. 10 мыңнан астам ұсыныс қабылданды.


 Талқылаудың өзегіне айналған тақырыптардың бірі – Қазақстан Республикасының стратегиялық басым бағыттары. Конституцияда айқындалған бұл ұстанымдар адами капиталды дамытуға, білім, ғылым және инновацияны ілгерілетуге басымдық береді. «Дүние де өзі, мал да өзі – ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген ойды арқау еткен пікірлерде ғылым мен технологияның ел дамуының қуатты қозғаушы күші екені ерекше аталды.