Жүргізушілер кішігірім жол-көлік оқиғасы болған кезде сақтандыру жағдайын полиция шақырмай және сотқа жүгінбей рәсімдей алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Міндетті автосақтандыру бойынша жеңілдетілген тәртіп – еурохаттама деп аталады. Жол-көлік оқиғасының бірнеше шарты сақталған жағдайда ғана еурохаттама бойынша рәсімдеуге болады. Егер осы шарттардың біреуі де орындалмаса, полиция шақыру қажет. Рәсімдеу үшін Europrotocol немесе DTP.kz мобильді қосымшаларының біреуін жүктеп алу керек. Сондай-ақ, қызмет банк қосымшаларында да қолжетімді. Өтінішті өз сақтандыру ұйымының ресми сайты арқылы беруге болады. Алгоритм қарапайым: сәйкестендіруден өту; декларацияны толтыру; жол-көлік оқиғасы болған жерден фото мен видеоны тіркеу. Бұдан соң өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. Екі тарап та сақтандырушының декларацияны қабылдағаны туралы хабарлама алғанға дейін оқиға орнынан кетпеуі тиіс. Осыдан кейін ғана кетуге болады. Осы жағдайда жол полициясын шақыру және сотқа жүгіну талап етілмейді. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еурохаттама іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 4,9 миллиард теңгеге 25 мыңға жуық сақтандыру оқиғасы рәсімделді.