Қала әкімі Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидземен кездесті. Басқосуда екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары, сондай-ақ өңіраралық байланыстарды кеңейту жолдары талқыланды.
Сонымен қатар инвестицияларды тарту, өңдеу өнеркәсібі, логистика, туризм және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің дамыған өнеркәсіптік базасы, көлік-логистикалық инфрақұрылымы және ауқымды инвестициялық әлеуеті бар екенін атап өтті. Қалада алты индустриялық аймақ және бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Онда инвесторларға қажетті жеңілдіктер мен қолдау шаралары ұсынылады. Көлік байланысын нығайту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өткен жылы ашылған «Шымкент – Тбилиси» тікелей әуе рейсі іскерлік және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шымкент пен Кутаиси қалалары арасында бауырластық байланыс орнату мүмкіндігі талқыланды. Бұл қадам өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысы бойынша шаһар басшысы әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Бұл жүздесудің екі ел арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға маңызды серпін беретініне сенім мол.