Шырайлы Шымкентте қала көшелеріне гүл отырғызу жұмыстары басталып кетті. Шаһардың көркін ашатын бұл бастама үшін қазір 4 млн түп көшет дайындалып жатыр. Бұл мегаполис үшін рекордтық көрсеткіш болмақ. Қазір жылыжайларда әр көшет ерекше күтіммен бапталып, егуге қызу дайындық жүріп жатыр.


 Бұл жылыжайда гүлдерге ерекше күтім жасалады. Әр көшеттің тұқымы қолмен егіледі, оған қажетті тыңайтқыштар мен дәрумендер мөлшермен беріледі. Баппен өсірілген гүлдер далаға тез бейімделіп, ұзақ уақыт бойы көшеге көрік беріп тұрады, – дейді мамандар.


Сандуғаштың гүлмен айналысып келе жатқанына 10 жылға жуықтаған. Бағбан жақсы күтіммен өсірілген көшеттер қарашаға дейін өз көркін сақтайды. Бастысы – гүлдер толық жетіліп, күш жинап алса болды, дейді.


САНДУҒАШ ТАШБОЛАТОВА, БАҒБАН
Ұрығын шашып, дәрі-дәрмек беріп, сәуір айында дайын қылып, егуге далаға шығарамыз. Музыка қойсаңыз да болады. Бұнымен әңгімелесеміз, келіп бірсыпыра айналып әңгіме айтамын, бұлар да адамды тыңдайды.


Қала көшелеріне гүл егу жұмыстары басталды. Биыл Шымкент аумағындағы саябақтар мен гүлзарларға түрлі сұрыптағы 4 млнға жуық гүл отырғызылады. Бұл рекордтық көрсеткіш болмақ.


АЙДОС ҚУАНЫШОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Биыл Шымкент қаласы аумағына 1 млн 600 мың көпжылдық гүлдерді егуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, 2 млн біржылдық гүлдер егеміз. Жыл сайын егіп жүрген петуния гүлдері түрлі түсті болады. Сонымен қатар қала аумағына 1 млн 600 мың қызғалдақ гүлін еккенбіз. Шымкент қаласының символы ретінде жыл сайын егеміз.


Өткен жылы шаһарда аптап ыстық болды. Салдарынан қаладағы кейбір гүлдер мен ағаштар қурап қалған еді. Биыл осындай жағдайды қайталамас үшін шетелден ыстыққа төзімді жаңа өскіндер әкелінді.


 ҚАЛМҰРАТ СЕЙДАНОВ, АГРОНОМ
Биыл Ресейден де гүлдер әкеліп, тәжірибе жүзінде қаламызға егуге дайындап жатырмыз. Суыққа төзімді гүлдер бар. Вегетация уақыты ұзақ мерзімге шыдайтын гүлдер. Оңтүстік аймақтың ыстығына байланысты ыстыққа да шыдамды сорттарды таңдап алып келіп отырмыз.


Шымкенттегі жасыл желекті 6 мердігер мекеме қадағалайды. Гүлдерді өз қаражатына отырғызып, кейін бюджет есебінен маусым бойы баптайды.