Белсенді жастардың еңбегі еленді. Мегаполистегі қоғамдық шараларға белсене қатысып жүрген өрендер мереке қарсаңында құрметке бөленді. Қалалық Жастар ресурстық орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Нәзіктік пен мейірім» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Мерекелік жиында алғы сөз сөйлеген қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман аруларды көктем мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ мегаполистегі жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жастарды Алғыс хатпен марапаттады. Жоғары оқу орындары мен колледждердің жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары және ерікті жастар арнайы марапатқа ие болып, құрмет көрсетілді.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл – жастар саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысып жүрген жастарға көрсетілген қолдаудың бір көрінісі. Осындай ынталы, белсенді жастардың еңбегін әрдайым бағалаймыз.
Концерт барысында қаладағы 9 жоғары оқу орнының талантты жастары өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар ән айтып, би билеп, сахналық қойылымдар ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қалада жастар саясатының дамуына үлес қосқан еріктілер мен белсенді жастар алдағы уақытта да түрлі мерекелерде марапатталмақ.
ҚАРАҚАТ БЕРІК, СТУДЕНТ
Бүгінгі көңіл күйім өте керемет. Еңбегімізді бағалап, қаланың белсенді жастары ретінде осындай марапат алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да қаладағы түрлі шараларға қатысып, өнер бағытында белсенді бола беремін.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы әйел-аналардың рөлін дәріптеу, қыз-келіншектерге құрмет көрсету және жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау.