Бүгінгі заман – білекке емес, білімге, күшке емес, кемеңгерлікке сенген дәуір. Нәзік жандылар қазір тек ошақ басында ғана емес, мұхиттың тереңінде, ғылымның шыңында, тіпті көк аспан төрінде де ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Болат құстың тілін тауып, әуе әлемін бағындырған арумен тілшіміз тілдесіп қайтты. Сюжет көрейік.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Көк аспанның заңдылығы қатал, талабы биік. Мұнда темірдей тәртіп пен болаттай төзім ғана салтанат құрады. Ғасырлар бойы ерлердің еншісі саналып келген бұл жауапты мамандықтың тізгінін бүгінде нәзік жандылар да нық ұстап келеді.


Алина – арманын аспанмен ұштастырып, ұшқыш болуды мақсат еткен жас маман. Қазіргі таңда «SCAT» әуекомпаниясында қызмет атқарады. Бір жылға жуық уақыт ішінде көк аспанда кәсіби шеберлігін шыңдап үлгерген. Бұл салаға ол ата-анасының ақ батасымен келген. Талмай ізденген ару білім грантын жеңіп алып, бес жыл бойы авиация саласының қыр-сырын меңгерген. Түрлі сынақтан өткен бойжеткеннің талабы таудай.


АЛИНА БОДАНИНА, ҰШҚЫШ
 Шын мәнінде, мен ешқашан осындай үлкен ұшақты басқарамын деп ойлаған емеспін. Бұл таңдауыма ата-анамның ықпалы зор болды. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезде ата-анам маған шағын ұшақпен ұшуға арналған сертификат сыйлады. Бұл мен үшін ұмытылмас әсер болды. Аэродромға келгенде қатты толқыдым. Ұшақ шағын болғанымен, ұшу нұсқаушының жетекшілігімен өтті. Дәл сол сәттен бастап аспанға ғашық болдым. Кейін авиация саласын жан-жақты зерттеп, ұшқыш боламын деген нақты шешімге келдім.


Төзім мен сабырды серік еткен ұшқыш қыздың күнделікті жұмыс кестесі тығыз. Әуе кемесіне отырмас бұрын экипаж мүшелері арнайы жиын өткізіп, ұшу бағыты мен қауіпсіздік мәселелерін егжей-тегжейлі талқылайды. Жүздеген жолаушының өміріне жауапты мамандар ауа райының тосын мінезіне қарамастан, алып әуе кемесін асқан шеберлікпен басқарады.


АЛИНА БОДАНИНА, ҰШҚЫШ
 Әдетте ауа райы жағдайы ұшуға бірнеше сағат қалғанда алдын ала зерттеледі. Сондықтан қандай да бір күрделі жағдайлар болуы мүмкін екенін біліп, соған дайындаламыз. Ұшқыштың жұмысы қызық әрі күрделі. Жауапкершілігі де жоғары. Тәжірибелі маман атану үшін қажырлы еңбек қажет.


Алина тек кәсібімен ғана шектелмейді. Бос уақытында мәнерлеп сырғанау мен ат спортына да уақыт бөліп, белсенді өмір салтын ұстанады. Келешекте ол отандық авиацияның дамуына үлес қосып, кәсіби біліктілігін халықаралық деңгейге көтеруді мақсат етеді. Айтуынша, қыз баласы үшін алынбайтын асу, бағынбайтын биік жоқ. Тек шынайы қалау мен табандылық болса, арман алыс шыңдарға жетелейді.