Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға білім саласының өкілдері мен жауапты басшылар, аудан және қала әкімдері селекторлық режимде қатысты. Облыс әкімі жауаптылардың есептерін тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Өңірде 1 438 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 78 пайызы – жекеменшік сектор. Ал 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 99,6 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен жоғары. Бүгінде 1 406 балабақшада 153 мыңнан астам балаға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда 13 мыңнан астам педагог еңбек етеді. 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау талаптары енгізіледі.
ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Барлық нәрсе іргетастың беріктігіне байланысты. Бірінші кезекте педагогтар даярлайтын оқу орындарына мониторинг жасалуы тиіс. Егер қандай да бір оқу орнының түлектері білім деңгейін анықтайтын сынақтардан жиі сүрінсе, сол оқу орындары бойынша нақты ұсыныстар берілуі керек.
Жалпы өңірде 1 116 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 938-і мемлекеттік болса, 178-і жекеменшік. Соңғы үш жылда мектеп жасындағы балалар саны шамамен екі мыңға өсіп, 554 мыңнан асты. 2024–2025 жылдары өңірде 22 900 орындық 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. ⸻
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өңірде білім беру жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған «TURKISTAN JANA MEKTEBI» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында 3 мың педагог пен 50-ден астам мектеп басшысы MBA бағдарламасы бойынша оқытылып, нәтижеге бағытталған басқару моделіне көшу көзделген.
Білім сапасына әсер ететін негізгі фактор – кадр әлеуеті. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 2023–2024 жылдары облыстан 69 педагог резервке алынды. Ал 2025 жылы тағы 56 үміткер даярланып, бүгінде олардың төртеуі мектеп директоры қызметіне кірісті.