Ленгір қаласында апатты деп танылған үй тұрғындарына жаңа баспана кілті табысталады. Көппәтерлі нысан облыс әкімдігінің қолдауымен салынған. 5 қабаттан тұратын ғимарат заманауи талапқа сай, инженерлік желілермен толық қамтылған. Қазіргі таңда абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
1936 жылы салынған екі қабатты 8 тұрғын үйде 700-ден астам азамат тұрып келген. Осыған байланысты Ленгір қаласының І мөлтек ауданында, 156 пәтерлі үш бес қабаттан тұратын тұрғын үй бой көтерді.
Тұрғын үйдің аумағы 10 026 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 39 бір бөлмелі, 39 екі бөлмелі және 78 үш бөлмелі пәтер бар.Құрылыс жұмыстары 2023–2025 жылдары облыстық бюджет есебінен жүргізіліп, 2025 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік қабылдаудан өткізілді.
ЕРКЕҒАЛИ ӘЛІМҚҰЛОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазіргі таңда үйлерге ауызсу, кәріз, электр және табиғи газ желілері тартылған. Дегенмен, толық қосылу және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Әрлеу жұмысы мамыр–маусым айларында толық аяқталады деп жоспарланған. Бұл жоба – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аудан инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.