Қала әкімінің тұрғындармен көшпелі кездесуі жалғасып жатыр. Шаһар басшысы бұл жолы Бадам-1, Тоғыс, Игілік және Қызылжар шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.


Көшпелі кездесуде тұрғындар жер қатынастары, емхана мен спорт кешенін салу, су бұру жүйелерінің жұмысы, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау және ирригациялық арықтардың жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Тоғыс тұрғын алабындағы Мәдениет үйі мен балабақшаға жөндеу жүргізу мүмкіндігін қарастыруды, Маятас және Игілік шағынаудандарында медициналық пункт салуды, сондай-ақ Нұршуақ тұрғын алабында жастар орталығын ашуды сұрады. Сонымен қатар көше-жол желісін дамыту, жаңа шағынаудандарға инженерлік инфрақұрылым тарту және көшелерді асфальттау, қоғамдық көлік қозғалысы сызбасын өзгерту, атауы жоқ көшелерге атау беру мәселелері талқыланды. Өз кезегінде Ғабит Әбдімәжитұлы  тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырып, көтерілген барлық мәселелер белгіленген тәртіппен жан-жақты қарастырылатынын атап өтті. Есептік кездесулер қорытындысы бойынша барлық өтініштерге кешенді талдау жүргізіп, оларды кезең-кезеңімен шешудің жоспары әзірленетін болады.