Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 2025 жылдың қорытындысын жарялады. Қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылған жұмыстар мен анықталған негізгі мәселелерді мәлімдеді.


 Департамент басшысының айтуынша мекеме қаладағы экологиялық жағдайды бақылап,тұрғындардан түскен арыз-шағымдар негізінде жұмыс істеп келеді. Экология департаментінде мемлекеттік қызметшілердің штат саны 11 бірлікті, ал штаттан тыс 13 бірлікті құрайды. Департаменттің негізгі қызметі – қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру.


Шымкентте 438 255 автокөлік тіркелген. Оның ішінде 379 132 жеңіл автокөлік болса, олардың 152 867-сі 20 жылдан асқан. Сонымен қатар 32 594 жүк көлігі, 6 309 автобус және 1 487 мотоцикл бар. Бұдан бөлек, Түркістан облысынан қалаға келетін автокөліктер де атмосфералық ауа сапасына әсер етеді.


 Сала мамандары жүргізген тексеру нәтижесінде 172 автокөлік қаралып, олардың 56-сынан атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормадан артық екені анықталды. Нәтижесінде 56 жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.