Түркістан облысына Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Леван Диасамидзе жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қарсы алды. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Леван Диасамидзе Түркістанға алғаш рет келгенін айтып, қаланың сәулеті мен тарихи ескерткіштері ерекше әсер қалдырғанын жеткізді. – Түркістан ерекше сәулетті қала екен, ұнады. Елші қызметіне кіріскеннен кейін Қазақстанның өңірлерімен танысып жүрмін. Грузия мен Қазақстан – өте жақын әрі бауырлас мемлекеттер. Мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Ұсыныстар болса, қарастыруға дайынбыз. Осы бағытта көмектесеміз. Біздің елге Қазақстаннан туристер көп келеді. Бұл саладағы әлеуетті де арттыруға болады, – деді елші. Қазақстан Грузияға негізінен ауыл шаруашылығы, металлургия және өнеркәсіп өнімдерін экспорттайды. Ал Грузиядан сусындар, дәрі-дәрмек және өзге де тауарлар импортталады. Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелерін қарастыруға уағдаласты.