Әйел - әлемнің шуағы, тіршіліктің алтын діңгегі. Ол мейірімін төксе, мұздаған жүректер жібиді, қаталдық атаулының мысы басылады. Нәзік жандылар тіпті жыртқыштардың жүрегіне жол тауып, табиғаттың тылсым заңын махаббатпен бағындыра алады. Мереке қарсаңында әріптесім хайуанаттар бағында азулы аңдардың бабын тапқан арулармен тілдесіп қайтты. Келесі сюжетті көріңіз.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
-Азулы аңның айбатынан қаймықпай, жыртқыштың жүрегіне жол табу – екінің бірінің қолынан келмес ерлік. Хайуанаттар бағында жануарларға ерекше күтіммен қарап, олардың тосын мінезін түсінуге тырысатын нәзік жандылар да бар. Мамандық таңдауда ерік-жігердің биіктігін көрсеткен олар ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүр.
Жиырма жыл. Уақыт өлшемімен қарасақ, тұтас бір дәуір. Зообақ қызметкері Ғалияның күнделікті жұмысы азуы алты қарыс арландар мен айбарлы жолбарыстардың ортасында өтеді. Талай жыл бойы салада талмай еңбек етіп келе жатқан маман аңдарға бар махаббатын төгеді. Жыртқыштар да оның басқан қадамын алыстан таниды. Біреуге сескене, енді біріне айбат шеге қарайтын аңдар Ғалияның алдында жуаси қалады.
ҒАЛИЯ ШЕРУБАЕВА, ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Зообаққа амур жолбарысы 2014 жылы әкелінді. Бізде барлық аңдардың лақап аты бар.Есімдерін атап шақырамыз, еркелетеміз.Ал амур жолбарысына ерекше қараймыз.Аңдар біздің иісімізді біледі.Шақырсақ бірден келеді.
Ал Айнагүл Әлімбекова бала күнінде аңдар әлемінде қызмет етуді қалапты. Бүгінде сол балаң қиял кәсіби биікке ұласты. Қызметкер қазір жыртқыштардың қас-қабағын бағады, тылсым тілін оп-оңай түйсінеді.
АЙНАГҮЛ ӘЛІМБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Қанша айтқанмен, олар қауіпті аң.Бірақ, барып, мейіріміңді төксең, олар да сезеді.Зообақта Чук атты маймыл бар.Оған барып, еркелетіп, тамағын береміз.Ол да оны сезгендей бізді бауырына жақын тартады.Жалпы, аңдармен жұмыс істеу маған рахат сыйлайды.
Әйел затының мейірімі кез-келген ортада үйлесім орната алады. Ал махаббаты тосқауылды тоқтатып, тіпті қатаң заңдылықты қалпына келтіреді. Бұған бұл кейіпкерлер айқын дәлел.