Түркістан қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік салтанатты жиын өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері, көпбалалы аналар және түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты.


Іс-шараның шымылдығы Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры әртістерінің «Ана – өмір шуағы» атты әсерлі прологымен ашылды. Сонымен қатар, «Яссы» және «Әгугай» би ансамбльдерінің сахналық қойылымдары ұсынылды.


Мерекелік бағдарлама барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы ерекше рөлі мен ел дамуына қосар үлесін атап өтті.


 Салтанатты шарада түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген аналарға арнайы құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.


 Мерекелік кеш ән мен би ұсыныстарымен жалғасты. Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары – Еркін Нұржанов, Бақытжан Мұстафаев, Асан Пердешов, Сырым Исабаев және өзге де өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті.