«Ордабасы» және «Ертіс» матчы алдында жаңа Конституцияны қолдауға арналған іс-шара өтті. Ауқымды концерттік бағдарламада Ата заңның негізгі құндылықтары түсіндірілді. Стадионға мыңдаған жанкүйер жиналып, үлкен спорттық мерекенің куәсі болды.


Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымының бірінші туры аясында «Ордабасы» мен «Ертіс» командалары арасындағы матч өтті. Ойын алдында жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды спорттық-мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама барысында қоғамның түрлі саласында танымал азаматтар жаңа Конституцияны қолдауға қатысты пікір білдірді.


 НҰРЛАН ЕСЕНҚҰЛОВ, АЙТЫСКЕР-АҚЫН
– «Жаңа Конституция дегеніміз біздің рухани бағытымызды айқындайтын маңызды қадам»«Спорттық және мәдени шараларға ел қалай жиылады? Ертеңгі референдумға солай жиылу керек. Біздің әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Біз елдің ертеңі үшін дауыс беруіміз керек»


Концерт барысында эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар стадионда жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын насихаттайтын баннерлер орналастырылып, заң үстемдігі, әділетті қоғам, азаматтардың тең құқығы және мемлекет пен халықтың бірлігі туралы мазмұнды үндеулер көрсетілді.


ҚАНАТ ТАСХАН, ЖАЙДАРМАНШЫ
– «Біздің Шымкент қаламызда бүгін әдемі мереке. Тамаша атмосфера. Сонымен қатар осы бір мерекелік кеште жиналған жұртты 15 наурыз референдумға шақыру мақсатында және Ордабасы ФК қолдау ретінде барша оңтүстік жұрты, танымал тұлғалар бірігіп атсалысайын деп тұрмыз. 15 күні баршаңызды шақырамыз»


Мерекелік бағдарлама жанкүйерлерді алдағы «Ордабасы» – «Ертіс» ойынына дайындап, стадиондағы атмосфераны қыздыра түсті. Шараға шамамен 18 мың адам жиналды.