Түркістанда «Әлемнің жарығы – ана» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ардақты аналар мен нәзік жандыларға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға облыстың түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген аналар мен қыз-келіншектер, ұстаздар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер және қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар аналар мен қыз-келіншектер Түркістан облысы әкімінің Алғысхаттарымен және мемлекеттік марапаттармен марапатталды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Облыс көлеміндегі 214 мыңнан астам кәсіпкердің 88 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни, шағын және орта кәсіпкерліктің 41%-ында іскер ханымдар басшылық жасауда. Түркістан – халық саны және көпбалалы аналар саны жағынан ел бойынша алдыңғы орында. 2025 жылы өңірде 45 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
Қазіргі қазақстандық әйел – отбасының берекесі ғана емес, қоғамның қозғаушы күші. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімнің алтын діңгегі, береке мен бірліктің орталығы. Облысымызда әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Өңірде 191 мыңнан астам көпбалалы ана бар. 18 мыңнан аса «Алтын алқа», 45 мыңнан аса «Күміс алқа» иелері тұрады.
Мерекелік кеш Түркістан музыкалық-драма театрында жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты. Ардақты аналар мен арулардың құрметіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.