Қаладағы «Ізетті зейнеткер» орталығында ардагерлер жаңа Конституция жобасын талқылау үшін бас қосты. Кездесу барысында қатысушылар Ата заңның жаңа редакциясындағы өзгерістер жөнінде пікір білдірді. Іс-шарада зейнеткер ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі» Сейдахмет Қожамжаров баяндама жасап, орталыққа келген ардагерлерге жаңа Конституция жобасындағы оң өзгерістерді түсіндірді.


 Жаңа Конституция жобасы – еліміздің болашаққа бағытталған стратегиялық бағытын заңдық тұрғыда айқындайтын маңызды құжат. Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы қастерлеп келген отбасы, неке секілді дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық бірлікті сақтау және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қамтамасыз ету – құжаттың негізгі бағыттарының бірі. Жиында жаңа Конституция жобасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жүйелі өзгерістер бар екені айтылды. Іс-шараға қатысқан ардагерлер ел азаматтарын 15 наурыз күні өтетін бүкілхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақырды.


 СЕЙДАХМЕТ ҚОЖАМЖАРОВ, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ
 Қазір адамның санасы да, қоғам да өзгерді. Қолданыстағы Конституция өз міндетін толық орындады деуге негіз бар. Бүгінде біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан жаңа құқықтық нормалар қажет. Әсіресе, жеке деректерді цифрлық тұрғыда қорғаудың маңызы өте зор. Сонымен қатар білім мен ғылым саласына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл елде адам капиталын дамытуға үлкен серпін береді.