15 наурыз күні елімізде жалпыхалықтық референдум өтеді. Қазақстандықтар жаңа Ата Заңды қабылдау не қабылдамау жөнінде таңдау жасайды. Бұл күні референдум учаскелері есігін сағат 06:00-де ашады. Алдымен алдын-ала өтінім берген шетелдік және халықаралық ұйым мүшелері байқаушы ретінде тіркеледі.


 Одан кейін мемлекеттік әнұран шырқалып, учаске ресми жұмысын бастайды. Референдум учаскелері орналасқан нысандарға пандустар мен көтергіш құрылғылар, тактильдік бағыттағыштар және ескерту ақпараттары орнатылған. Таңдау жасаушы комиссия мүшесіне жүгініп, жеке куәлігін ұсынады. Маман азаматты тіркеп, қолына бюллетень береді. Дауыс беруші арнайы кабинаға кіріп, өз таңдауын жасайды. Одан кейін қағазды бүктеп, арнайы жәшікке салады. Көз жанары әлсіз көретіндер мен ерекше жандар үшін арнайы жағдай жасалған. Олар бюллетеньдегі жазуды брайл әліпбиі арқылы оқиды. Ал Ата Заң мәтінін аудио нұсқада тыңдайды. Есту қабілеті шектеулі азаматтар үшін дауыс беру күні учаскелерінде 65 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді. Қозғалысы қиын азаматтарды тасымалдау үшін 38 инватакси ұйымдастырылады, оның 20-сы жеңіл, 18-і арнайы автокөлік. Учаскеге келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар 15 наурыз, сағат 12:00-ге дейін өтінім жолдап, жағдайды түсіндіруі қажет. Мұндайда комиссия мен байқаушы арнайы жәшік ұстап, алдын-ала тіркелген мекен-жайларға барады.


 ГҮЛМИРА ДӘРІБAЕВА, №93 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
«10-на дейін біз шақырту қағаздарын таратқан болатынбыз. Сол кезде өз телефондарын, мекен-жайларын көрсетіп, бізге ескерту жасаған. 15 күні түскі 12-ге дейін түскен өтініштерді ескере отырып, 12-ден кейін арнайы байқаушылармен бірге комиссияның екі өкілі көрсетілген мекен-жайларға барып, азаматтардың дауыстарын қабылдайды».