Өскелең өрен «Наурыз» мейрамынан қаншалықты хабардар? Оның тағылымды тарихын, рухани мән-маңызын біле ме? Түркі халықтары жаңа жыл санайтын бұл кезеңде Самарқанның көк тасы еріп, табиғат ана түлейді. Көк мұз еріп, сарышұнақ аяз қайтады. Өсімдік атаулы көктеп, қызғалдақ бүр жарады. Тап осындай сұлу көріністі «Жастар» театры сахналады.


 Түркілік таным мен тарихи аңыз-әпсананы ұштастырған «жастар», отқа май тамызып, көрерменді бәле-жаладан аластады.


Қойылымға негізінен оқушылар қатысты. Труппа оларға төрт түліктің киесін танытып, иесін таныстырды. Осыл қара, Қамбар, Шопан, Сексек, Зеңгі аталарды көрсетіп, жануарлардың пірін сахналады. Ұмыт болып бара жатқан салт-сананы еске түсірді.  


МӨЛДІР АЙДАРҚЫЗЫ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
– «Күн мен түн не үшін теңеледі? Қалай теңеледі?»  «Дәл соны біз оқушыларға үйретеміз. Салт-дәстүрді насихаттау мақсатында деп айтсақ болады.»

Спектакльде «Ұмай ана», «Қызыр ата» сынды әпсаналық кейіпкерлер бой көрсетеді. Олар жас өренге «Наурыздың» мән-мазмұнын, табиғат ананың қадір-қасиетін түсіндірді.


 ЕЛДОС ШЕГЕМБАЕВ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
– «Біздер білгенмен өскелең өрен білмейді.»– «Наурызды ұмытпасын, төл мерекемізді ұмытпасын деп осы қойылымды қойып жатырмыз.»

АЙЖАН МАНАП, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
– «Бұл «Жастар» театрында он күндік. Он күн бойына жалғасады. Басқа театрларда мұндай 10 күндік әлі жоқ.»

Қойлымда әртістер балалармен тікелей байланыс орнатты. Жас буынға жұмбақ жасырып, зерек танылған оқушыларға сыйлық үлестірді. Өнер көрсетіп, өлең оқыған балалар да құр алақан қалмады. Айта кетейік, тап осы «Ұлыстың ұлы күні» эно-фольклорлық думанды кеш 20 наурызға дейін жалғасады.