Балалар ертегі кейіпкерлерімен тікелей байланыста болады. Тіпті оларға қосылып би билеп, ойын ойнайды. Шымкент қалалық қуыршақ театры балғын көрермендерді тағы да тың туындымен қуантты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Тазша бала – Наурыз» атты жаңа қойылым дайындалды.
Сахналық туындының әр сәтінде қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі дәріптеледі. Өнерпаздар Наурыз мерекесінің терең мазмұнын жас көрермендерге заманауи театр тілі арқылы жеткізуді мақсат еткен. Қойылым авторы және қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Мақпал Малдыбаева.
МАҚПАЛ МАЛДЫБАЕВА, КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
«Ойласа келе бұны Наурызға байланыстырып қайсақ, ‘Тазша бала’ деп шештік. Жаңа жылдық ертеңгіліктер бар, бұл Наурызға арналған ертеңгілік болды. Балалар өте жақсы қабылдауда.»
Спектакль желісі қазақ ертегілерінің сүйікті кейіпкері Тазша баланың тапқырлығы мен әділдігіне негізделген. Оқиға барысында ауыл тұрғындары Наурыз мерекесіне дайындалып, киіз үй тігіп, Наурыз көже әзірлейді. Алайда сараңдық пен қатыгездіктің символына айналған кейіпкерлер мерекеге кедергі келтіруге тырысады. Табиғат мезгілдерінің тартысы, Қыс пен Көктемнің айқасы арқылы өмір заңдылығы, жаңару мен жақсылықтың салтанат құруы көркем бейнеленеді.
АЛШАТ СӘКЕН, КӨРЕРМЕН
Қуыршақ театрына келдік, ертегі кейіпкерлерін көрдік, бізге қатты ұнады.
АЙАРУ МҰЗДЫБАЙ, КӨРЕРМЕН
Тазша бала премьерасына келдім. Өте қызық! Көп жануар кейіпкерлерді көрдім, маған қатты ұнады.
Спектакльдің негізгі идеясы – бірлік бар жерде тірлік бар екенін ұғындыру, жомарттық пен қайырымдылықтың қадірін дәріптеу, ұлттық мәдени мұраны жас ұрпақ санасына сіңіру. Қойылым балалардың эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймай, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне де оң ықпал етеді.