Шымкент қаласындағы №96 жалпы білім беретін мектепте тұрғындармен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жаңа Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру және азаматтарды алдағы маңызды саяси науқан туралы ақпараттандыру.
Кездесу барысында жаңа Конституцияны қабылдауға санаулы күндер қалғаны айтылып, құжаттың тағдырын дауыс беру арқылы ел азаматтарының өздері айқындайтыны атап өтілді. Жиында жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды өзгерістерді көздейтіні, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтетіні, сондай-ақ жаңа мемлекеттік институттардың қалыптасуына жол ашатыны туралы кеңінен айтылды. Соның ішінде маңызды жаңашылдықтардың бірі – «Халық кеңесі» институты. Бұл құрылым халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде қызмет атқарып, заң шығару бастамаларын көтеру, референдум өткізу жөнінде ұсыныстар енгізу және ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелер бойынша пікір білдіру құқығына ие болады. Жаңа бастаманы жергілікті тұрғындар да қолдап отыр.