Шымкент қаласында биыл 450 жұмыссыз азамат білім беру ұйымдарында кәсіптік оқудан, ал 160 азамат жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқудан өтеді.


 Кәсіптік оқуға қатысу үшін тұрғындар алдымен жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, жеке куәлік, шәкіртақы алуға жеке есепшот нөмірі, 075 нысандағы медициналық анықтама және білімі туралы құжат қажет. Білім беру ұйымдарында кәсіптік оқуға жолданған азаматтарға 43 574 теңге шәкіртақы төленеді. Оқу мерзімі – 3 ай: 1 айы – теориялық сабақтарға, ал 2 айы тәжірибелік оқуға арналған. Ал жұмыс берушілердің жұмыс орындарында кәсіптік оқыту бағдарламасына қатысатын тұрғындарға 86 500 теңге (20 АЕК) көлемінде жалақы төленеді. Оқуды аяқтаған азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Оқыту мынадай мамандықтар бойынша жүргізіледі: тігінші, арнайы тігінші, кестелеуші, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиешінің көмекшісі, визажист, шаштараз-стилист, электронды есептеу машинасының операторы, пішуші, кеңсе менеджері, қолмен тоқу шебері, киім дизайнері және наубайшы. Оқуға қатысу үшін тұрғындар тіркелген мекенжай бойынша аудандық мансап орталығына барады.