Шымкент қаласында стендатудан 2010 жылы туған және одан кіші жастағы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Ел біріншілігіне Қазақстанның түрлі өңірлері мен қалаларынан келген 120-ға жуық жас спортшы қатысуда.


Чемпионаттың негізгі мақсаты – жас мергендердің шеберлігін шыңдау, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын талантты спортшыларды анықтау. Жарыс барысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар жасөспірімдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасына іріктеліп, алдағы халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Айта кетейік, стендату – дәлдік пен төзімділікті талап ететін олимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Осындай республикалық жарыстар жас спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға және жаңа таланттарды анықтауға мүмкіндік береді. Жарыс Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Қазығұрт шағын ауданы, Қазыналы көшесі, 90 мекенжайында орналасқан «Эльдорадо» ату алаңында өтуде. Чемпионат 15 наурыз күні өз мәресіне жетеді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар мен дипломдармен марапатталады.