Тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел шешуге бағытталған жұмыстар жалғасуда. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Мирас елді мекенінде мобильді қоғамдық қабылдау өткізді. Жауапты тұлғалар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады.


Мәселемен келген тұрғындарды мәслихат депутаты, партия қызметкерлері, аудан әкімдігінің өкілдері, салалық басқарма мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қабылдады. Тұрғындар негізінен инфрақұрылым мен жерге қатысты бірқатар түйіткілді мәселелерді көтерді.


ЛАЗИЗ СУЛАЙМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Халықтың өзекті мәселелері бойынша қабылдап отырмыз. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткізіп отырмыз. Келіп жатқан тұрғындардың негізгі мәселесі кәріз жүйесі, жер мәселесі және бас жоспар бойынша қызыл сызық мәселесімен келіп отыр. Мәселені шешу жолында бірқатар депутаттық сауал жолдаймыз. Тиісті мекемелерге сауал жолдау арқылы мәселені шешуге ықпал жасайтын боламыз.


Азаматтардың өтініштері мұқият тыңдалып, кейбір мәселелер бойынша сол жерде тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал зерделеуді қажет ететін өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге жолданды.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ М.А
Мирас елді мекенінде қоғамдық қабылдау өтіп жатыр. Негізгі мақсаты – шалғай елді мекендердегі тұрғындардың талап-тілек, ұсыныстарын жинап құзырлы органдарға жолдап, оның шешілуіне партиялық бақылау жасап оң шешімін табуға ықпал ету. Шымкент қаласы бойынша өткен жылы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 12 мыңнан астам өтініш тіркелген. Нәтижесінде қаралған мәселелердің 81 пайызы оң шешімін тапса, қалған 19 пайызы бойынша азаматтарға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.


Ал, жыл басынан бері 16 мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Оған мыңнан аса азамат мәселемен жүгінген. Оның 70 пайызы дер кезінде шешіліп, қалғандары хаттамалық негізде толтырылып,  құзырлы мемлекеттік органдарға жолданып, партиялық бақылауға қойылды.