Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданындағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен Тіленшин көшесіндегі автокөлік өткелінің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ Момынов көшесіндегі өткел маңын абаттандыру жұмыстары тексерілді. Жаңа нысандар қаланың шығыс бөлігін орталық аудандармен байланыстырып, теміржол желілерін қауіпсіз кесіп өтуге мүмкіндік береді.


Сонымен қатар бұл жобалар жүргізушілердің жолда өткізетін уақытын қысқартуға ықпал етеді. Қала әкімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, ол азық-түлік өнімдерін қаптауға, орауға және өлшеуге арналған жабдықтар шығаратын Vacuummatic ЖШС кәсіпорнында болды. Кәсіпорында 24 адам еңбек етеді, өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, ТМД елдеріне экспортталады. Сондай-ақ әкім Shymqala этноауылы аумағын жаңғырту жобасымен танысты. Жоба аясында Visit Shymkent орталығы, ұлттық тағамдар мейрамханасы мен кәдесый дүкені ашу жоспарланған. Жоба қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.