Түркістан қаласында халықаралық көлік дәлізі бойында автокөліктерге арналған заманауи сервистік орталық пайдалануға берілді. Нысан құрамында автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы бар. Жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, экологиялық таза отынды дамытуға және халықаралық транзиттік бағыттардағы сервистік қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
КСМ:
экологияға зияны аз сығылған табиғи газды кеңінен пайдалану көзделген. Станцияның жобалық қуаты сағатына 2000–2400 текше метрді құрайды. Бұл тәулігіне шамамен 250 автокөлікке газ құюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол бойында жүргізушілерге сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге жағдай жасалған.
Енді ірі автобустар мен жүк көліктері осы орталықтан жанармай ала алады. Сығылған табиғи газды пайдалану дәстүрлі бензин мен дизель отынына қарағанда үнемді әрі тиімді. Сонымен қатар ол атмосфераға таралатын зиянды заттардың мөлшерін азайтуға ықпал етеді. Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 маусымдағы №463 қаулысымен бекітілген газ саласын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда.
Аталған жоспарға сәйкес елімізде газ мотор отынын кеңінен қолдану және тиісті инфрақұрылымды дамыту көзделген. Соған сай сығылған табиғи газбен жүретін автобустар санын 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 90 пайызға арттырып, олардың жалпы санын 5143 бірлікке жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциялары желісін кеңейтіп, олардың санын 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 71 пайызға ұлғайту көзделіп отыр.