Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 90 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады. Көп қабатты тұрғын үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан.
Шымкент тұрғыны Әлия Елгонова он жылдан бері баспаналы болуды армандаған. Қуанышқа кенелген ана бүгін Асар-2 шағынауданынан үш бөлмелі пәтерге қоныстанды.
ӘЛИЯ ЕЛГОНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Баспанаға қол жеткізуді қанша жылдан бері армандап келемін. Бүгін арманым орындалған күн болды. Асар шағынауданынан үш бөлмелі пәтерге ие болдым. Қуанышымда шек жоқ. Қала әкіміне айтар алғысымыз шексіз.
Қазіргі таңда шаһарда тұрғын үй кезегінде 92 мың азамат тіркелген. Оның 36 мыңға жуығы әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар. Пәтерлер жалдамалы негізде берілген. Алайда оларды сатып алу құқығы да қарастырылған.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Бұл пәтерлер тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрған азаматтарға беріліп жатыр. Үйлер сатып алу құқығымен ұсынылды. Барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Тұрғын үй беру жұмыстары Шымкентте жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы осы санат бойынша 1500-ге жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған. Олардың қатарында жалдамалы пәтерді сатып алу құқығымен алғандар да, ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғындар да бар.