Мектеп оқушылары диплом алып, маман атанды. Иә, сіз қателесіп естіген жоқсыз! Енді олар ресми түрде жұмыс істеп, толыққанды жалақы алуға құқылы. 10–11-сыныпта оқитын 30-ға жуық жас сабақтан тыс уақытта колледж қабырғасында білім алып, екі жыл бойы арнайы дәріс тыңдаған. Нәтижесінде мектепті дипломы бар кәсіби маман ретінде аяқтағалы отыр.


11-сынып оқушысы Айсұлу Ұзақбай бүгін қолына үздік диплом алып, тігін маманы атанды. Жасынан кесіп-пішуге құмар ару сабақтан тыс уақытта колледжде білім алған. Хоббиін кәсіби тұрғыда меңгеріп, шеберлігін шыңдады.


АЙСҰЛУ ҰЗАҚБАЙ, ОҚУШЫ
– «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде мен нөлден бастап тігуді, киім өндірісін және модельдеуді үйрендім. Бұл мектептегі сабағыма ешқандай кедергі келтірмеді. Сабақтан тыс уақытта келіп, білім алдым. Ұстаздарыма рақмет!»


 ГҮЛМИРА ТАҒАЕВА, ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Мектепте білім ала жүріп, оқушылар түстен кейін колледжде оқыды. Олар тігінші мамандығы бойынша кәсіби білім алды. Бұл дегеніміз – мектепті бітірген соң кез келген фабрикада тігінші болып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жобаға Шымкент қаласындағы 30-ға жуық мектептің оқушылары қатысты».


Диплом табыстау рәсімі «Сән әлемі» атты дефилемен жалғасты. Онда колледж студенттері өз өнімдерін ұсынып, сән үлгілерін таныстырды. Үшінші курс студенті Әсел Қаһарманова 13 құрбысымен бірге «Шығыс маржандары» атты топтама дайындаған. Топтамада 13 түрлі киім үлгісі бар. Оны бастан-аяқ тігіп-пішу үшін арулар үш ай еңбек еткен.


ӘСЕЛ ҚАҺАРМАНОВА, СТУДЕНТ
– «Бұл топтаманы үшінші курс студенттері дипломдық жұмыс ретінде дайындадық».  «Ұлттық нақышты дәріптеу мақсатында осы топтаманы тігуге бел будық».


Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің түлегі Жамал Анарбай қазір мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Халық игілігі жолында еңбек ететін ол іс қағаздарымен және түрлі жоспар-жұмыстармен айналысады. Жұмысы қауырт болғанымен, сүйікті хоббиін де ұмыт қалдырмайды. Бүгінгі дефилеге ол өзінің жаңа топтамасын алып келген.


ЖАМАЛ АНАРБАЙ, ДИЗАЙНЕР
– «Мемлекеттік қызметте өзіңізге мәлім түрлі қиындықтар кездеседі. Халықпен жұмыс істейміз. Ойды жинақтап, демалу үшін түнде болса да шығармашылықпен айналысамын».  «Коллекциямның алғашқы бөлігін Астанада өткен Ұлы дала ойындарында алғаш рет көрсеткен болатынмын».


Дефиле барысында студенттер үздік жұмыстарын таныстырып, көрермендердің жоғары бағасына ие болды.