Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда негізгі заңның тиімді жұмыс істеуіне байланысты. Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың жүзеге асуына жол ашып, ел дамуының қозғаушы күшіне айналды. Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, ашық әрі әділетті қоғам құруға бағытталған. Осыған орай арнайы топ бүгін Сайрам тұрғын алабында жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары баяндалды. Ата Заңдағы әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасы азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауды міндет етеді. Жиында жаңа заң халықтың осал топтарына қолдау көрсетуді және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуді көздейтіні айтылды. Сонымен қатар, мемлекет азаматтардың еңбек етуіне, білім алуына және әлеуметтік қамсыздандырылуына қажетті жағдай жасайтыны түсіндірілді.
БАТЫРБЕК ЖАЛМҰРЗАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Ең басты құндылық – адам, оның өмірі мен денсаулығы. Ойланып қарасаңыздар, адамнан артық құндылық бар ма? Мемлекетті құрайтын – сіз бен біз».
Жиында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, жаңа Конституция жобасы жөнінде пікір алмасты. Этносаралық татулық мәселесі де сөз болып, қоғамдық келісімді нығайту жайы назардан тыс қалмады. Мемлекетімізде міндетті медициналық қызметтің заңмен бекітілуі тұрғындардың қолдауына ие болды.
МИНАВАРХАН АШУРМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Маған ұнағаны – Қазақстан халқының тегін медициналық көмек алу мүмкіндігі қарастырылған. Осы баптары көңілімнен шықты. Халқымыздың дені сау болса, елдің де болашағы жақсы болады».
Кездесуде Қазақстанның жаңа Конституциясы әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормаларды қамтитыны айтылды. Бұл бағыт мемлекеттің әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға жауапты екенін айқындайды. Конституция – жалпықоғам мойындаған құндылықтар жиынтығы.