Шымкент қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған Жастар лигасы жалғасуда. Оқушылар спорттың 9 түрі бойынша бақ сынауда. Қазіргі таңда жарыстар аясында 7-сынып оқушылары арасында футбол және волейболдан тартысты кездесулер өтуде.
Жастар лигасының басты мақсаты – мектеп оқушыларының спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жас таланттарды анықтау. Биылғы жарыстар спорттың 9 түрі бойынша ұйымдастырылуда.
ЕРКЕҒАЛИ ҚАНЫБЕКОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУДЫ ДАМЫТУ ІС-ШАРАЛАРЫН ӨТКІЗУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгін бұл жерге 20 команда келіп отыр. Барлығын уақытқа бөліп қойғанбыз. Жалпы жарыс спорттың 9 түрі бойынша өтеді. Олардың қатарында футбол, баскетбол, волейбол және басқа да спорт түрлері бар.
Мектеп командалары өзара бақ сынап, шеберліктерін көрсетуде. Әр ойын тартысқа толы өтіп, жас спортшылардың жеңіске деген жігері мен командалық рухы ерекше байқалады.
МАҒЖАН ЕСІРКЕП, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Жастар лигасын ұйымдастырған әкімдікке рахмет. Футболмен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Дайындығымыз жақсы. Үш айдан бері мектеп лигасына дайындалып жатырмыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстар 1 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала мектептерінің командалары бірнеше кезеңнен өтіп, үздіктер анықталады. Жастар лигасы аясында 7-сынып қыздары арасында волейбол жарысы да тартысты өтуде. Оқушылар өз мектептерінде өткен іріктеу кезеңінен өтіп, мектепаралық жарыстарда бақ сынауда. Жоба тек спорттық жарыс қана емес, жасөспірімдердің достық қарым-қатынасын нығайтып, оларды тәртіпке, ұйымшылдыққа және жеңіске деген талпынысқа тәрбиелейтін маңызды бастама.
АНЕЛЬ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Біз осы мектептің командамыз. Волейбол ойнап жүргенімізге екі жыл болды. Ойын өте ұнап жатыр. Барлық командаға сәттілік тілеймін.
Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл жоба биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Аталған лига күз айында басталып, бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда.