Мегаполисте саяси науқан қызып тұр. Таңнан бері тұрғындар өздері тіркелген учаскелерге барып, өз таңдауын жасауда. №196 референдум учаскесіне келушілердің қарасы қалың. Онда бүтін еңбек ұжымдары бірлесіп дауыстарын беруде.


 №196 референдум учаскесіне келушілер көп. Себебі мұнда мыңнан астам дауыс беруші тіркелген. Учаске маңында индустриалды аймақтар орналасқан. Еңбек ұжымдары жұмысына жақын жерге тіркелген.


 ҚАЙРАТ АРЫҚОВ, №196 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған. Халықтың белсенділігі артып отыр. Дауыс беру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.»


 Бүгін комиссия мүшелерінің жұмысын қыздырған еңбек ұжымдарының бірі – «BAL TEKSTIL» кілем фабрикасы қызметкерлері. Бұл кәсіпорынның өнімдері шетелдік нарықтарды жаулап үлгерген. Ынтымағы ұйысқан ұжым саяси науқанда да бірліктерін көрсетті. Компанияда 500-ден астам жұмысшы бар. Осы референдум учаскесіне тіркелген қызметкерлер бір мезетте келіп, өз таңдауларын жасады.


ТАЛҒАТ ИСКАКОВ, «BAL TEKSTIL» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
– «Бүгін керемет күн. Мереке – референдумда өз таңдауымды жасау үшін ұжымымызбен келіп отырмыз. Елдің болашағы үшін біздің ұжым өз таңдауын жасады. Еліміздің экономикасы дамып, әлеуеті көтеріле берсін.»


Бұл учаскеге 1 188 дауыс беруші тіркелген. Комиссия мүшелері таңнан бері тыным таппай тұрғындардың дауысын қабылдауда. Осылайша №196 референдум учаскесі қазіргі сәтте ең белсенді дауыс беру орындарының бірі болып отыр.