Түркістан қаласында мәдениет саласының өкілдері республикалық референдумға белсене қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға өнер адамдары да бейжай қарамай, референдум учаскесіне арнайы барып, дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Аталған шара ерекше рухани әрі мәдени сипатта өтті. Референдум учаскесіне жиналған тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында қала өнерпаздары ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін ән-жырларын орындап, көпшілікке мерекелік атмосфера сыйлады. Қазақтың бай мәдени мұрасын насихаттаған бұл сәттер халықтың бірлігі мен татулығын айшықтай түсті.
Іс-шара барысында ұлттық нақыштағы шағын қойылым ұйымдастырылып, сахналық көрініс арқылы қазақы салт-дәстүрдің көрінісі ұсынылды. Керуеннің алдыңғы шебінде қасиетті бейне – Қыдыр Ата бейнесі сомдалып, ол игі бастаманың символы ретінде көпшілікке ақ батасын берді.
Шара барысында мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздар халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ел бірлігін, мәдени мұраны құрметтеуді және азаматтық жауапкершілікті насихаттайтын мазмұнды әндер орындады. Ән-жыр мен дәстүр астасқан бұл көрініс референдум күніне ерекше мазмұн беріп, жиналған жұртшылыққа рухани серпіліс сыйлады.
Осылайша Түркістан қаласының мәдениет саласының өкілдері ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып қана қоймай, ұлттық өнер мен дәстүрді ұштастыра отырып, қоғамда бірлік пен ынтымақ құндылықтарын кеңінен дәріптеді.