Шымкенттік сарбаздар референдум учаскесіне сап түзеп келді. №35748 әскери бөлімінің сарбаздары ел үшін маңызды күні осылайша белсенділік танытты. №131 референдум учаскесіндегі ерекше дауыс беру сәтін тілші әңгімелейді.
Учаскенің ресми ашылуында дәстүрге сай Мемлекеттік Әнұран шырқалып, сарбаздар оны бір кісідей қосылып орындады. Бұл сәт жиналған тұрғындарға ерекше рух сыйлады. Сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берген сарбаз – қатардағы жауынгер Әли Иманбек. Оның айтуынша, бұл – өміріндегі алғашқы саяси науқан.
Еліміздің болашағына әсер ететін осындай маңызды шараға қатысып, азаматтық борышын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Бұл күні Қарулы күштердің ардагерлері де өздерінің азаматтық белсенділігін танытып, референдумға қатысты. Солардың бірі – запастағы полковник Реимбай Халмуратов.
Айта кету керек, учаскелік референдум комиссиясының мүшелері сайлаушыларды ұлттық нақыштағы киімдермен қарсы алды. Олардың айтуынша, Наурызнама онкүндігімен тұспа-тұс келген маңызды саяси шараны ұлттық дәстүрмен өткізу – патриотизмнің бір көрінісі.