Шымкент қаласында референдумға келген азаматтардың көңіл-күйін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, қаладағы бірқатар референдум учаскелерінде тұрғындар арасында әртүрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен сайыстар өтіп жатыр.
Шымкент қаласының Көркем гимнастика спорт кешенінде №326 референдум учаскесі орналасқан. Мұнда таңертеңнен бастап дауыс беруге келген азаматтардың белсенділігі байқалады. Учаске алдында қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылған. Дауыс берушілер гір тасын көтеріп, асық атып жатыр. Сонымен қатар, ләңгі теуіп, белсенділік танытқандар бар.
ЕРНАТ СӘДУАҚАСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Бүгін референдумға отбасымызбен бірге дауыс беруге келдік. Өзіміздің дауысымызды беріп шықтық. Сыртта қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылған. Керемет. Мен қазір ләңгі ойнадым, асықты енді ойнайын деп жатырмын. Дауыс беріп шықтым. Өте дұрыс, өте керемет, өйткені біз қазір ләңгі ойнадық. Жастар бұл ойынды білмейді. Жаңғырту өте керемет, өте дұрыс деп ойлаймын.»
Мегаполистегі 300-ден астам референдум учаскесінде таңғы 9:00-ден бастап ұлттық спорт ойындары өтіп жатыр. Оған барлық спорт мектептері атсалысуда. Белсенді қатысушыларға арнайы жүлделер бар.
СЕРІКБАЙ БЕРДІБЕКОВ, №326 РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Бізде мәдениет басқармасы мен спорт басқармасы ұйымдастырған жылжымалы көрмелер, ойындар және спорттық ойындар өтуде. Енді осыдан кейін мәдениет басқармасының концерттері, театрлар келеді. Халыққа бұл ұнайды, олар шыққан кезде іс-шаралармен араласып, көріп демалып жатыр. Халық көңілді, үйлеріне қайтып жатыр.»
Айта кетсек, №326 референдум учаскесінде 2 861 дауыс беруші тіркелген.