Үшінші мегаполисте жалпыхалықтық референдумға қатысатын мүгедегі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалған. Бүгін ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арнайы жабдықталған 38 инватакси қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, 7 жеңіл көлік резервте тұр.


«Шымкент қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» операторы Мейіржан Құттықбай №360 сайлау учаскесіне арнайы жабдықталған инватакси арқылы келіп, өз таңдауын жасады. Оның айтуынша, инватакси қызметі ерекше жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.


МЕЙІРЖАН ҚҰТТЫҚБАЙ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ» ОПЕРАТОРЫ
«Ерекше жандардың қоғамда белсенді болуы үшін инватакси қызметінің маңызы зор. Бүгін осы көлік арқылы келіп, азаматтық ұстанымыма сай референдумда өз таңдауымды жасадым. Сайлау учаскесінде мүгедегі бар азаматтарға арналған арнайы кабинка да дайындалған. Сол жерде дауыс бердім.»


Қалада жалпы 42 915 мүгедегі бар адам тіркелген. Бүгінгі референдумда олардың 19 мыңнан астамы дауыс беру құқығына ие. Олар үшін 38 инватакси қызмет етеді.


 МАЙРА КАРИБАЕВА, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Осы референдумға байланысты 7 автокөлікті қосымша жұмылдырып, жұмыстар атқарылады. Қазіргі таңда 83 мүгедегі бар азамат инватакси қызметін пайдаланды. Кешке дейін өтінім берген азаматтар қамтылатын болады.»


Жалпыхалықтық референдум барысында мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету үшін 65 сурдоаудармашы да қызмет атқаруда.