Шымкентте референдумды сән-салтанатпен өткізу шаралары жалғасып жатыр. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университеттің студенттері флешмоб билеп, дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал Жастар ресурстық орталығының белсенділері учаскеге келушілерді мемлекеттік тумен қарсы алып, тәттілер таратты.
Оқу орнында бас қосқан жастар алдымен қазақтың ұлттық әндеріне флешмоб биледі. Қолдарына мемлекеттік ту ұстап би билеген жастарға сайлаушылар асқан қызығушылықпен қарады.
Ал Жастар ресурстық орталығындағы мерекенің орны бөлек. Қаланың белсенді жастары дауыс берушілерге сый-сияпат жасап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Тәтті алған тұрғындардың да қуанышы ерекше болды.
Айта кетейік, референдумда қала тұрғындарының белсенділігі жоғары. Сайлау учаскелерінің барлығында дерлік мерекелік көңіл-күй қалыптасқан. Ел үшін маңызды науқанды жоғары деңгейде өткізуде жастардың да орны бөлек.