Шымкентте «Жарапазан Fest» республикалық байқауы өтіп жатыр. Іс-шара мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай ұйымдастырылған. Биылғы фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен 11 өнер ұжымы жиналды.
Байқауда өнер ұжымдары екі кезең бойынша бақ сынайды. Алғашқы кезеңде қатысушылар жарапазан жырын дәстүр көріністерімен және өңірлік мақаммен орындайды.
НҰРЛАН ТІЛЕУОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНАН КЕЛГЕН ӨНЕР ҰЖЫМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Жарапазанды біз батыстан, Махамбеттің елінен келген соң ерекше мақаммен алып келдік. Күнделікті айтылып жүрген жарапазаннан бөлек, басқа стильде орындадық деп айта аламын.
Екінші кезеңде қатысушылар салт-дәстүрге қатысты викториналық сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ фестиваль аясында кітап және қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
РАЙХАН САПАРҚЫЗЫ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Әз Наурыз мерекесіне орай, 16 наурыз – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналған шара. Негізгі мақсат – дәстүр мен өнердің үйлесімін көрсетіп, ғұрыптық әндердің ерекшелігін насихаттау, жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
«Жарапазан Fest» республикалық байқауы биыл бесінші рет өтіп жатыр. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталады. Бас жүлдеге 1 миллион теңге беріледі.