Шымкент қаласында вандализм деректері әлі де тіркеліп жатыр. Кейбір тұрғындар қоғамдық мүлікті бүлдіріп, айналаны қоқысқа толтыруда. Тасталған қалдықтардың бір бөлігі өзенге түсіп, қоршаған ортаға зиян келтіруде.


Қала әкімі Қошқар Ата өзенінің жағалауын аралау барысында көше шамдары, орындықтар мен басқа да абаттандыру элементтерінің зақымдалғанын анықтады. Бұл аумақ – тұрғындардың отбасымен және достарымен демалатын орны. Қала басшысы мұндай әрекеттер қалалық бюджетке зиян келтіріп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы ортаға нұқсан келтіретінін атап өтті. Қазір құқықбұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталуда. Кінәлі азаматтар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, ал келтірілген шығын толық өтеледі. Қала әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікті сақтауға, тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады. Қаланы таза, қауіпсіз әрі жайлы ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.