«AMANAT» партиясы Тұран ауданына қарасты Құрсай мөлтек ауданында көшпелі қабылдау өткізді. Партия өкілдері халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, қордаланған мәселелерді шешуге атсалысты. Тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, талап-тілегін тыңдады.
Құрсайлық тұрғын Данира Есалиева көшпелі қабылдауда инфрақұрылым мәселесін көтерді. Ол ауданға көшіп келгелі партия өкілдерінің атсалысуымен талай түйткіл бір жолға қойылғанын айтады.
ДАНИРА ЕСАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгінгі қабылдауға екі мәселе бойынша келдім.Біздің шағынауданға газ жүргізіп беруді өтіндім.Және бұл жаққа тек бір ғана қоғамдық көлік қатынайды.Сауалдарымды тиісті мамандарға жолдадым.Шешіп беретінін айтты.
Кездесуге келген тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру төңірегінде өзекті сауалдарын жолдады. Жиында көтерілген мәселелер тиісті мамандардың көмегімен оң шешімін тапты. Ал жан-жақты зерделеуді қажет ететін өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, партияның бақылауына алынды.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Тұран ауданы шалғай елді-мекен болғандықтан, біз арнайы келіп, тұрғындарды қабылдап жатырмыз. Инфрақұрылым, газ, жарық мәселелері көтерілді. Халықтың базынасын тыңдадық. Енді сауалдарды тиісті мекемелерге жолдап, шешілуіне атсалысамыз.
«Құқықтық көмек» жобасы аясында партия жыл басынан бері 9 мобильді қабылдау өткізіп, 283 азаматтың мәселесін қарады. Басым бөлігінің өтініштері оңтайлы шешілді. Ал қалған сауалдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.