Елде сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 іс жолданған. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, сталкингке қатысты құқық бұзушылықтарды тіркеу және тергеп-тексеру тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, қызметкерлерге арнайы оқыту шаралары өткізілген.
САМАТ АИСОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Сталкинг қылмыс ретінде енгізілгеннен бастап сотқа 51 іс жолданды. Аталған санаттағы істерді тергеп-тексеру ІІМ-нің бақылауында.
Осы орайда азаматтарымызға үндеу жасағымыз келеді. Егер сіз, жақындарыңыз немесе таныстарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, оны еш жағдайда елеусіз қалдырмаңыздар. Қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу полицияға хабарлаңыздар.
Айта кетейік, сталкинг - адамның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысу немесе оны заңсыз қудалау. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері мұндай әрекет үшін жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес сталкинг жасағандарға жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.