Еліміздегі маңызды саяси науқан – республикалық референдум өз мәресіне жетіп, Конституцияның жаңа жобасы қабылданды. Бұл тарихи шешім ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Жалпыұлттық маңызы бар шараға шымкенттіктер де белсенді түрде атсалысып, азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Маңызды шараға белсене қатысқан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері атқарған жұмыстарын қорытындылады.


Қалада 695 мыңнан астам тұрғын дауыс беру құқығына ие. Жалпыхалықтық референдум күні Шымкентте 363 учаске жұмыс істеді. Қалалық орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, шымкенттіктердің 75,8 пайызы өз таңдауын жасады. Саяси науқанның ашық әрі әділ өтуін 1540 қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілі қадағалады.


 БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
– «Жаңа Конституцияға дауыс беру өте жоғары деңгейде өтті. Ешқандай тәртіпбұзушылық болған жоқ. Соңғы айлардан бері қала тұрғындарына жаңа заңның маңыздылығы түсіндірілді.»


Жиында қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев та өз пікірін білдірді. Ол референдумға дейін ардагерлер қауымы халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізгенін атап өтті. Ардагерлер ел болашағына бей-жай қарамай, жастарға бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқарған.


КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Біздің ардагерлер қауымы саяси науқанға белсене қатысады. Себебі олар жас кезінен осы саяси науқанда өскен азаматтар. Ардагерлер кеңесінің мүшелері қалада құрылған коалицияға мүше болып, түсіндіру жұмыстарында белсенді болды.»


САТТАР ҚУАШБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
 – «Мен төрт жерде референдумның маңыздылығын түсіндірдім. Елдің бірлігін көрсетті, белсенділік ерекше болды.»


Саяси науқанға қоғамның барлық санатындағы азаматтар қатысты. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар азаматтар да болды. Олар үшін референдум учаскелері тактильді белгілермен, брайль шрифтімен, құлаққаптар мен лупалармен жабдықталды. Сондай-ақ, 65 сурдоаудармашы жұмыс істеді, қозғалысы шектеулі азаматтарды 38 инватакси арқылы тасымалдады.