Шымкент жастары Жаңа Конституцияға қолдау көрсетті. Ата заңның қабылдануына орай қалада «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндік!» атты велошеру өтті. Іс-шараны «Ауыл» партиясы Ата заңдағы өзгерістерді қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырды.


Қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері мен ерікті жастар отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті. 100-ге жуық велошеруші Қажымұқан атындағы Орталық стадионнан бастап Дендросаябаққа дейін Туды алып жүрді. Осылайша белсенді жастар Жаңа Конституцияға қолдау білдіріп, 5 шақырым қашықтықты еңсерді.


 ТАЛҒАТ АЙТБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Президентіміз айтқандай, бұл – келешекке арналған Ата заң. Жастар кеше өздерінің тікелей дауыс беруі арқылы белсенділігін, ынтымақ пен бірлікке деген жігерін көрсетті. Баршаңызды құттықтаймын. Бүгін велошеруде барлығымыз жеңімпазбыз. Ең үлкен жеңімпаз – қазақ халқы. Қазақстандықтар өз бірлігінің арқасында Ата заңды қабылдады. Бұл – біздің алғашқы іс-шараларымыздың бірі. Енді оны іске асыру – барлығымыздың ортақ міндетіміз.


«Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндік!» ұраны мемлекеттің жаңғыруын және азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруді білдіреді. «Ауыл» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков референдумда жастардың белсенділік танытқанын атап өтті.


ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндік!» атты велошеру өткіздік. Референдум барысында жастардың белсенді болғанын өз көзімізбен көрдік. Халықпен кездесулерде де Жаңа Конституцияны қолдайтындар көп болды. Соған орай бүгін жастармен бірге осындай шара ұйымдастырдық.


Спорт адамдарды жақындастырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Конституцияны қолдаудың тиімді тәсілдерінің бірі.


 АЗАМАТ ПАРМАНОВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі іс-шара Қажымұқан стадионынан басталып, Дендросаябаққа дейін жалғасты. Оған 100-ге жуық жас қатысты. Қала жастары, студенттер белсенділік танытты. Алдағы уақытта осындай спорттық шараларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Наурыз мерекесіне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.


«Ауыл» партиясы Жаңа Конституцияны қолдау мақсатында қалада тағы да бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастамалар халықтың саяси белсенділігін арттыруға бағытталған.