Шымкент қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелері тұрғындарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Өңірлік құрылым өкілдері жаңа Ата заңды қолдап дауыс бергенін айтады. Арнайы дөңгелек үстелге қатысушылар 15 наурызда өткен референдум қорытындысын талқылады.


 Жаңа Ата заңның қабылдануына шымкенттік Ассамблея мүшелері бірауыздан қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, еліміздің басты құқықтық құжатын халық арасында түсіндіруге айрықша атсалысқан. Дөңгелек үстелде Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев Ассамблея мүшелері мен тұрғындарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.


ОРЫНБАЙ РАХМАНБЕРДИЕВ, ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Барлықтарыңызды жаңа Конституцияның басталуымен, оның бекітілуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл Конституция тек өзгеру емес, тіпті жаңа Конституция деп айтуға болады.»


Ассамблея мүшелері дөңгелек үстелде жаңа қабылданған Конституциялық түзетулерді белсенді талқылап, оларды елдегі демократиялық үдерістерді нығайтудың маңызды кезеңі ретінде бағалады. Жиынға қатысушылар негізгі заңдағы өзгерістердің ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді арттыратынын атап өтті.


РАМИЛЯ ИСКАНДЕРОВА, ТАТАР-БАШҚҰРТ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Екі күн бұрын 15 наурызда Конституцияға өзгертулер енгізу туралы референдум өтті. Онда әрбір қазақстандық азамат өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Менің ойымша, мықты Конституция – мықты мемлекет деген сөз.»


Ассамблея өкілдері жаңадан қабылданған Конституцияда этносаралық татулықты сақтау және қазақстандықтардың құқықтарын қорғау айрықша мәнге ие екені атап өтті. Сондай-ақ, талқылау барысында Ата заңдағы өзгерістер «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының негізі болып табылатыны және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететіні айтылды.