Жаңа Конституция – тек саяси реформа емес, жастардың болашағына арналған құқықтық кепілдік. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жаңа Конституцияның қабылдануына орай жастардың қатысуымен жиын өтті.


Жас буынның пікірінше, Конституция ел дамуының жаңа кезеңін бастап, ауқымды өзгерістерге жол ашады. Олар референдум күні өз таңдауларын сенімді жасағандарын айтады. Университеттің тарих және педагогика факультетінің 1 курс студенті Айдын Арысбаева да референдумда азаматтық позициясын көрсетті. Жақында ғана кәмелет жасына толған ол саяси науқанда бірінші рет дауыс берген.


АЙДЫН АРЫСБАЕВА, СТУДЕНТ
 «Референдум негізінен Ата заңымызға сүйеніп, тарихи жаңаруға жетектеген үлкен жоба болды. Конституцияның жаңаруы – жастардың болашағы деп білемін. Сол себепті биыл алғаш рет 15 наурызда дауыс бергеніме қуаныштымын.»


 Жиында университеттің жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Нұркерім Нұрлан қабылданған Жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталды. Ол жастардың елдегі маңызды саяси үдерістерге белсенді қатысуының маңызын атап өтті.


 НҰРКЕРІМ МАҚСҰТҰЛЫ, ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Әрине, кеше өткен еліміздегі үлкен саяси оқиға тек Қазақстан ішінде ғана емес, әлемдік аренада еліміздің мәртебесін көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткен күні жастарға ризашылығын білдірді. Референдум нәтижесі бойынша оң шешім қабылданды, қолдау тапты.»


Кездесу ашық форматта өтті. Қатысушылар жиын соңында өздерін толғандырған сұрақтар қойып, пікір алмасты.