Жұмабек Тәшенов университетінің оқытушылары мен басшылық құрамы дөңгелек үстел өткізіп, жаңа Ата заң жобасын талқылады. Ондағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, мән-маңызын түсіндірді.


Оқу орны ректоры Қанат Байболовтың айтуынша, жаңа конституцияның мән-маңызы жоғары. Ата заң қоғамның барлық саласын ілгері сүйреп, одан әрі жетілдіруді көздейді. Ғылым мен білімге, инновацияға ерекше мән берілген. Айта кетейік, референдумға дейін де университет ұжымы жаңа жобадағы өзгертулерді талдап, оны өз студенттеріне түсіндірген.


ҚАНАТ БАЙБОЛОВ, ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
– «Жалпылама ата заңды талқылаған болсақ, енді қабылданған нақты баптарды студенттерге кураторлық сабақтарда толығымен түсіндіретін боламыз. Өйткені ҚР әр азаматы өз ата заңында көрсетілген баптарды білуі қажет.»


Бірінші курс студенті Шұғыла Ибрахим – биыл 18 жасқа толып, алғаш рет саяси науқанға қатысты. Айтуынша, бұл ел тарихындағы маңызды үдеріс. «Сондықтан да иығыма артылған жауапкершілік жүгін жан-жақты сезіндім», – дейді жас шәкірт.


ШҰҒЫЛА ИБРАХИМ, СТУДЕНТ
– «Бұл таңдау маған ел алдындағы борышымды өтеп, ҚР азаматы ретінде толыққанды жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік берді.»


 Дөңгелек үстел барысында университет ұжымы жаңа конституцияға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Заң жобасындағы әрбір баптың мән-мазмұнына жеке тоқталды.