Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық дәстүрлерді жаңғырту және ананың қоғамдағы мәртебесін ұлықтау.


 Жиында отбасы – қоғамның негізі, ал ана – сол шаңырақтың ұйытқысы екендігі кеңінен айтылды. Қазақ халқының тағылымды дәстүрі жаңғыртылып, аналар жас жұбайларға және ақ жаулықты әжелерге ақ орамал жапты. Бұл – аналардың ақ тілегі мен ақ батасының белгісі болды.


Шарада «Шылауыш орау» дәстүрінен сахналық көрініс, аналарға арналған әсерлі әндер, әжелердің «Ақ орамал» дефилесі, сондай-ақ мәдени музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сонымен қатар Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Есмолдаев 61 жыл отасқан жұбайымен бірге отбасы татулығының сырымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.


Жиын соңында батагөй ақсақал жас жұбайларға ақ батасын беріп, қазақы дәстүрге сай ақжарма тілектерін жеткізді. Іс-шара аясында қатысушыларға «Наурыз-базарлық» сыйлық бокстары таратылып, құрметті қонақтарға гүл шоқтары табысталды.